«Астана» футбол клубының бас директоры Қайсар Бекенов Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында клубтың қаржылық жағдайы туралы айтып, ұжымның тұрақтылығына сенім білдірді.
Бұған дейін бас бапкер Григорий Бабаян ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында елордалық клубтың белгілі бір қаржылық қиындықтарға тап болғанын, бірақ ол туралы толық айта алмайтынын жеткізген еді. Осыдан кейін бірқатар спорттық БАҚ «Астана» футболшыларға шамамен бес айлық қарыз екенін хабарлаған.
— Менің ойымша, Григорий Бабаянның сөздерін дұрыс түсінбей қалған сияқты. Яғни, ешқандай қаржыландырудан бас тарту болған жоқ. Біз командаға түсіндіріп жатырмыз, бұл – жұмыс барысындағы процестер, бюджеттерді келісу жүріп жатыр. Оның үстіне, өздеріңіз білесіздер, жақында жаңа заң қабылданды. Сол себепті сметамыз нақты шығындарға сәйкес келуі керек болды. Біз бұл процесті жай формалдылық үшін емес, кейін түзетулер аз болатындай етіп жасап жатырмыз, – деді Бекенов.
Менеджердің айтуынша, қаржыландыру мәселесі – келісімдердің нәтижесі және клуб тарапынан да кінә бар. Өйткені біраз уақыт бойы демеушілер мен «Астана» кейбір мәселелер бойынша ортақ шешімге келе алмаған. Сонымен қатар Қайсар Бекенов осы аптада клуб басшылығы мен «Самұрық-Қазына» арасында келісім жасалатынын айтты.
— «Самұрық» бас тартты деген әңгімелер шындыққа жанаспайды. Мұнда мәселе «Самұрыққа» қатысты емес. Қазіргі таңда олардан ресми өтінім түскен жоқ, себебі біз өзіміз әлі де оны келісіп жатырмыз. Бюджетті бекітпес бұрын құрылтайшылармен және Sportqory-мен белгілі бір мәселелерді реттеу керек болды. Қазір сол жұмыстар жүріп жатыр, – деді менеджер.
Оның айтуынша, мерекелік күндер мен жұмыс кестесінің тығыздығы бұл мәселелердің ұзаққа созылуына себеп болған. Алайда клубтың биыл не істегені туралы сұрақ ашық қалды. Алдағы күндері Sportqory командамен кездесіп, өзекті мәселелерді шешуді жоспарлап отыр.
— Қаржыландырудан бас тарту немесе соған ұқсас жағдайлар болған жоқ. Жақын арада команда алдындағы қарыздар жабылады деп ойлаймын. Қор да көмектесіп жатыр. Келісімдер жүріп жатқанда және кешігу болған кезде, қор өз қаржысы есебінен қолдау көрсетті, – деді Бекенов.
Сұхбат соңында Қайсар Бекенов «Тобылдан» (1:3) жеңілгеннен кейінгі Григорий Бабаянның айтқан сөздеріне тоқталып, оның эмоциямен айтылғанын атап өтті.
Қазір «Астана» 9 турдан кейін КПЛ турнирлік кестесінде үшінші орында тұр. Есептерінде – 23 ұпай.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ